Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі ата-аналар мен заңды өкілдерді балалар мен жасөспірімдердің мінез-құлқына мұқият болуға шақырады.
Жаңа оқу жылының басталуымен еліміздің мектептері мен басқа да оқу орындарында профилактикалық іс-шаралар жүргізілді. Жалпы 16 мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізілді, оның 5 мыңнан астамы педагогтердің, психологтардың және нарколог-дәрігерлердің қатысуымен ұйымдастырылды.
ІІМ мәліметінше, есірткі қылмыстары үшін 69 кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталған. Олардың 40-ы есірткі заттарын өткізгені, 27-сі аса ірі көлемде сақтағаны, тағы 2 жасөспірім есірткіні жарнамалау және насихаттау фактілері бойынша ұсталған.
Ата-аналар қандай белгілерге назар аударуы керек?
- жасөспірімде кенеттен ақша немесе қымбат заттардың пайда болуы;
- телефонды пайдалану және мессенджерлерде хат алмасу кезінде шамадан тыс жасырындық танытуы;
- әртүрлі нысандар мен орындардың күмәнді фотосуреттері немесе скриншоттарының болуы;
- белгісіз түйіншектердің, пакеттердің, жабысқақ таспаның, электрондық таразының және басқа да күмәнді заттардың пайда болуы;
- араласатын ортасының, достарының немесе әдеттегі бос уақыт өткізу тәсілдерінің күрт өзгеруі.
ІІМ ата-аналарға баласының бос уақытын қалай өткізетініне, кімдермен араласатынына және әлеуметтік желілерде қандай парақшалар мен аккаунттарды қарайтынына назар аударуды ұсынады. Баламен сенімді қарым-қатынасты сақтау және оның әдеттегі мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқау маңызды.
Балалардың құқықтық тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлу қажет. ІІМ есірткі қылмыстарын жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік Қазақстанда 16 жастан басталатынын еске салады.
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті басқармасының бастығы Бақытжан Әмірханов ата-аналарды балаларының өміріне белсенді араласуға және алаңдататын белгілер байқалған жағдайда дер кезінде әрекет етуге шақырды.
Ата-аналар баланың мінез-құлқындағы тіпті шағын өзгерістерге де назар аударғаны жөн. Араласатын ортасының күрт өзгеруі, тұйықтық, әдеттен тыс сатып алулар немесе белгісіз заттардың пайда болуы қосымша назар аударуға және баламен ашық сөйлесуге себеп болуы мүмкін.
Ересектердің басты міндеті — баланың өмірінен тыс қалмай, онымен тұрақты байланыста болу және алаңдататын белгілерді дер кезінде байқау.
Дереккөз: Polisia.kz
